Жанбаған шапан

     Хазреті Мәулананың (Мәулана Жалалиддин Руми - рахметуллаһи алейһ) заманында 40 шіркеу попы бірігіп Коня қаласына келеді. Өз араларында «Осы Мәулананы жөнге салайық, орнын білсін» деседі.
    Хазреті Мәулананы сынау үшін Ислам дініне байланысты 40 сұрақ дайындайды. Жолға шығып Мәулана хазреттің медресесіне бет алады. Жол бойы бір-біріне «Бұл сұрақтарымызға жауап беруі мүмкін емес» деседі.
     Келе жатып, бір наубайхананың алдында хазреті Мәуланаға кезігеді. Не айтарларын білмей сасқалақтап:
– Біз сізге қонаққа келген едік,- дейді біреуі. Бұл әулие кісі оларды жылы қарсы алып:
– Қош келдіңдер, сендердің ниеттеріңді білемін. Ал қойыңдар сұрақтарыңды,- дейді. Бұлар бірінші соққыны осылай алған болып, асығыстап сұрақтарын қоя бастайды:
– Құранда: «Әр нәпіс (адам) жаһаннамнан өтеді» делінген екен, солай ма?
– Иә, солай.
– Яғни кәпірлер де, мұсылмандар да тозақтан өтеді, солай ма?
– Әлбетте өтеді.
– Егер мұсылмандар да тозақтан өтетін болса, онда Ислам дінінің үстемдігі кайда қалды?
– Тозақ оты мұсылмандарды жақпайды. Мұсылмандар Сырат көпірінен өтіп бара жатқанда тозақ оларға: «Ей мүминдер, тезірек өтіңдер, нұрларың отымды өшіріп барады» деп айқайлайды және от  осы нұрларға шыдай алмай өшіп, сөнеді. Бірақ, сол от кәпірлерді жағып, қинайды.
     Поптар бұған:
– Жоқ, ондай нәрсе болмайды,- деп қарсы шығады.
– Қаласаңдар көрейік! Міне пеш. Көйлектеріңді шешіңдер.
     Бәрі көйлектерін шешіп береді. Хазреті Мәулана оларды жинап, сыртынан өзінің шапанымен орайды да, лаулаған пештің ішіне тастайды.
     Көп ұзамай шығарып не болғанын бәрі бірге көреді. Хазреті Мәулананың шапаны бүтін күйде, тіпті күйіктің ізі де жоқ, ал ішіндегі көйлектердің бәрі жанып күл болған еді. Бұл кереметті көріп, поптардың барлығы ынсапқа келеді. Қырығы да түгелдей иман келтіріп, мұсылман мәртебесіне ие болады.